ЮНЕСКО қамқорлығымен өтетін THE PLANET OF ART – 2026 халықаралық жастар фестивалінің қорытындысы шығарылды. Бұл – Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы мен Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Федерациясы бірлесіп жүзеге асыратын балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы саласындағы ең ірі халықаралық жобалардың бірі.
Халықаралық іріктеу нәтижесінде әлемнің 50 елінен 382 финалист анықталып, олардың жұмыстары қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен финалистердің толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://drive.google.com/drive/folders/1Ep6bmvon3TC6KUfitDFNsc_SnezlM__3?usp=sharing
2026 жылы фестиваль «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілетудегі әйелдердің рөлі» тақырыбына арналып, ЮНЕСКО-ның 80 жылдығына және Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Федерациясының 45 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Өнер тілі арқылы қатысушылар әйелдердің дәстүрді сақтаушы, мәдени жадының иесі және ұрпақтар арасын жалғаушы ретіндегі маңызды рөлін көрсетті.
Байқауға әлемнің 54 елінен 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған балалар мен жас суретшілер қатысты. Өз шығармаларында олар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тақырыбын ашып, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары арқылы ұлттық дәстүрлер мен мәдени әртүрліліктің байлығын таныстырды.
25 жылдан астам тарихында фестиваль 40-тан астам елден 90 мыңнан астам қатысушыны біріктіріп, балалар мен жастар шығармашылығын қолдауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және ЮНЕСКО құндылықтарын насихаттауға арналған ең ірі халықаралық алаңдардың біріне айналды.
Фестивальдің финалдық кезеңі 2026 жылғы 10–13 қазан аралығында Алматы қаласында өтеді. Финалистерді бай білім беру және мәдени бағдарлама, марапаттау рәсімі, үздік жұмыстар көрмесі, сондай-ақ танымал өнер қайраткерлері мен халықаралық сарапшылармен кездесулер күтеді.
Жобаның басты халықаралық оқиғасы 2026 жылғы 10–17 қараша аралығында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін финалистер жұмыстарының көрмесі болады. Сонымен қатар көрме аясында THE PLANET OF ART – 2026 ресми альбомының тұсаукесері өткізіліп, оған әлемнің 50 елінен келген финалистердің үздік жұмыстары енгізіледі.
Фестиваль ЮНЕСКО, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
THE PLANET OF ART бүкіл әлемнің жас суретшілерін біріктіруді жалғастырып, өнердің өзара түсіністік, мәдени әртүрлілік пен бейбітшіліктің әмбебап тілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеуде.