
«Ақтау – түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» бағдарламасы аясында «Түркі әлемінің дәстүрлі балалар ойындары» тақырыбында түркі әлемі жас суретшілерінің халықаралық байқауы басталғаны жарияланды. Байқаудың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясының қолдауымен өтеді.
Байқаудың басты мақсаты - шығармашыл жастарды қолдау және дамыту, балалар мен жасөспірімдердің көркем шығармашылығын насихаттау, сонымен қатар түркі халықтарының материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
Қатысушылар бейнелеу өнері арқылы өз елінің ұлттық болмысын, мәдениетіне тән дәстүрлі балалар ойындарын бейнелеп, олардың тарихи және көркемдік құндылығын аша алады.
Байқауға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдерде тұратын 12–18 жас аралығындағы жас суретшілер қатыса алады. Әр қатысушы байқау тақырыбына сәйкес кез келген техникада орындалған тек бір ғана жұмыс ұсына алады. Жұмыстар JPEG немесе PDF форматында (300 dpi рұқсатымен) электрондық нұсқада ұйымдастырушылардың электрондық поштасына жіберілуі тиіс. Қатысу үшін толтырылған өтінім формасы және авторлық құқықты беруге келісім хаты қоса тіркелуі қажет. Байқауға қатысу тегін.
Өтінімдер 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін, Алматы уақытымен сағат 17:00-ге дейін қабылданады. Электрондық пошта: kazfuca@gmail.com
Бірінші кезеңнің нәтижелері 2025 жылғы 15 мамырда ТҮРКСОЙ-дың ресми сайтында (www.turksoy.org) жарияланады, ал екінші кезеңнің қорытындылары 2025 жылғы 30 маусымда белгілі болады.
Финалистер дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болады, ал үздік жұмыстар байқаудың ресми каталогына енгізіліп, ТҮРКСОЙ аясындағы халықаралық көрмеде ұсынылады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2025 жылдың тамыз айында Ақтау қаласында өтеді.
Толық ақпарат пен байқау ережесі ОСЫ СІЛТЕМЕ АРҚЫЛЫ ҚОЛЖЕТІМДІ