Өткенді ескере, болашаққа ұмтылу
THE PLANET OF ART – 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЛАУРЕАТТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Автор: kazfuca
Дата проведения: Шілде 15, 2025
THE PLANET OF ART – 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЛАУРЕАТТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

THE PLANET OF ART – 2025 Халықаралық жастар фестивалінің музыкалық циклі бойынша іріктеу кезеңі аяқталды. Аталған жоба Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен ассоциацияларының Федерациясындағы (WFUCA) төрағалығы аясында жүзеге асырылуда. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 18 елден 40 лауреат анықталды.

Финалистердің толық тізімімен ОСЫ СІЛТЕМЕ арқылы танысуға болады.

Фестиваль жас дарындарға вокал, аспаптық және хореографиялық жанрларда өз өнерін көрсетуге бірегей мүмкіндік береді. Іріктеу кезеңіне ЮНЕСКО клубтары мен ассоциациялары бар ЮНЕСКО-ға мүше елдерден 12 мен 18 жас аралығындағы мыңдаған жас орындаушы қатысты. Жобаның финалистері 2025 жылдың қазан айында Алматы қаласында бас қосып, еліміздің жетекші педагогтары мен өнер қайраткерлерінің қолдауымен мазмұнды білім беру және мәдени бағдарламаға қатысады.

Жоба талантты жастарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесу, мәдени өзін-өзі көрсетудің алуан түрлі формаларын танымал ету және «бейбітшілік мәдениеті» тұжырымдамасы негізінде өскелең ұрпақтың достық байланыстарын нығайтуға бағытталған.

THE PLANET OF ART – 2025 Фестивалі БҰҰ Бас Ассамблеясы 2024 жылы қыркүйекте қабылдаған «Болашақ үшін Пактіні» ілгерілету, Антуан де Сент-Экзюперидің 125 жылдығы, Майя Плисецкаяның 100 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы және басқа да әлемдік мәдениетке елеулі із қалдырған көрнекті қайраткерлердің атаулы күндерін атап өту аясында жүзеге асырылады.

Жоба халықаралық мәдени алмасу үшін тұғырнама құра отырып, қазақстандық композиторлар мен хореографтардың туындыларын қазіргі интерпретациялауды танымал етуге ықпал етеді. Фестиваль шығармашыл жастарды қолдап қана қоймай, қатысушыларға өз елін әлем мәдениетінің жас амбассадорлары ретінде халықаралық сахнада танытуға бірегей мүмкіндік береді.

Фестивальдің соңғы бөлімі Алматы қаласында өтетін жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен бірге ауқымды Гала-концерт болмақ. Концерт әлемдік музыкалық мәдениет пен отандық композиторлардың шығармашылығын біртұтас театрландырылған бағдарлама аясында біріктіреді.

THE PLANET OF ART - 2025 көрнекті ерекшелігі Гала-концерттің симфониялық оркестрмен сүйемелдеуімен өтетін дәстүрін қайта жаңғырту болмақ.

Фестиваль Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен және Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі, Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтары және жобаға қатысушы елдердің басқа да әріптестерінің қолдауымен өткізіледі.

Жобаның ресми серіктесі – ERG, қосалқы серіктестері – Теңізшевройл компаниясы және TotalEnergies E&P Kazakhstan.

Жобаның ақпараттық серіктесі – The Steppe лайфстайл-басылымы.

Категория: Сайттың жаңалықтары