Өткенді ескере, болашаққа ұмтылу
MITSUBISHI ASIAN CHILDREN'S ENIKKI FESTA 2026–2027 БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Автор: kazfuca
Өткізілетін күні: Қаз. 21, 2026
MITSUBISHI ASIAN CHILDREN'S ENIKKI FESTA 2026–2027 БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

2026 жылғы 20 қазан мен 20 желтоқсан аралығында Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы балалар шығармашылығы бойынша халықаралық MITSUBISHI ASIAN CHILDREN'S ENIKKI FESTA 2026–2027 фестиваліне өтінімдер қабылдайды. Бұл - Азия-Тынық мұхиты аймағындағы балаларға арналған ірі мәдени-білім беру жобаларының бірі.

Фестиваль Азияның 24 елі мен аймағынан жас қатысушыларды біріктіріп, балаларға өз өмірі, отбасы, дәстүрлері мен мәдениеті туралы әлемге өнер тілі арқылы баяндауға бірегей мүмкіндік береді. Өнер тілі аударманы қажет етпей, әртүрлі елдердің балаларына бір-бірін түсінуге жол ашады.

Жоба 1990 жылдан бастап Mitsubishi корпорациясының Қоғаммен байланыс комитетінің, Азия-Тынық мұхиты ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының федерациясының және Жапонияның ЮНЕСКО қауымдастықтарының ұлттық федерациясының бастамасымен өткізіліп келеді. Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде фестивальге 878 000-нан астам бала қатысқан. Ал үздік жұмыстар Жапония мен Азияның басқа елдерінде өткен халықаралық көрмелерде ұсынылған.

Фестивальдің негізінде жапон халқының Enikki дәстүрі жатыр. Бұл - сурет пен шағын эссе арқылы адамның күнделікті өмірін бейнелейтін иллюстрацияланған күнделік. Сурет пен мәтінді үйлестіру арқылы балалар өз ойларын, сезімдерін және өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, басқа елдердегі құрдастарын өз мәдениетімен және өмір салтымен таныстыра алады. Осындай шығармашылық формат көптеген жылдар бойы Азия балалары арасындағы мәдениетаралық диалогты, өзара құрмет пен достықты дамытуға ықпал етіп келеді.

2026–2027 жылдары қатысушыларға «Менің Азиядағы барша адаммен бөліскім келетін өмірім» тақырыбында үш иллюстрацияланған күнделік жасау ұсынылады.

Балалар өз отбасы, достары, мектептегі өмірі, сүйікті ойындары, дәстүрлері, туған өлкесінің табиғаты, мерекелері немесе күнделікті өмірін бейнелейтін, басқа елдердің балаларымен бөліскісі келетін кез келген оқиға туралы баяндай алады. Ең бастысы - шынайылық, өзіндік ерекшелік және өз мәдениетінің бірегейлігін көрсете білу.

Фестивальдің ерекшелігі - халықаралық қазылар алқасы жұмысты тек көркемдік шеберлігіне қарай бағаламайды. Негізгі назар баланың өз туындылары арқылы туған мәдениетінің ерекшеліктерін, ұлттық дәстүрлерін, қоршаған ортасын, сондай-ақ жеке ойлары мен сезімдерін жеткізе білуіне аударылады.

Фестивальге өтінім берілген сәтте 6 мен 12 жас аралығындағы балалар қатыса алады.

Әрбір конкурс жұмысы А4 форматындағы қағазға қолмен орындалған үш иллюстрацияланған күнделіктен тұруы керек. Әр парақтың жоғарғы бөлігіне сурет, ал төменгі бөлігіне қысқаша эссе орналастырылады. Жұмыстарды орындау кезінде цифрлық технологияларды қолдануға жол берілмейді.

Ұлттық кезең аяқталғаннан кейін Қазақстанның сарапшылар қазылар алқасы ел намысын халықаралық кезеңде Жапонияда қорғайтын ең үздік төрт жұмысты анықтайды. Жапонияда бұл жұмыстарды танымал суретшілерден, өнертанушылардан, журналистерден және мәдениет қайраткерлерінен құралған Халықаралық іріктеу комитеті бағалайды.

Халықаралық іріктеу қорытындысы бойынша әр елден Grand Prix (Бас жүлде) иегері анықталады. Жеңімпаз бір еріп жүрушісімен бірге 2027 жылдың жазында Токио қаласында (Жапония) өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне және халықаралық мәдени бағдарламаға шақырылады. Бас жүлдеден бөлек, фестиваль ұйымдастырушыларының арнайы сыйлықтары да қарастырылған.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 20 қазан – 20 желтоқсан.

Үш жұмыстың түпнұсқасы мен толтырылған өтінім нысанын мына мекенжайға жіберу қажет:
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Чаплин көшесі, 71, «Станица» бизнес-орталығы, 5-қабат, 512-кеңсе, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы.

Фестиваль ережесі мен қатысушының сауалнамасына сілтеме:
https://drive.google.com/drive/folders/1XAX07XuTwCA0qH6vQWnggJrNNmZApp8T?usp=sharing

Ұйымдастыру комитетінің байланыс деректері
Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы
Тел.: +7 700 394 32 32
Электрондық пошта: art.kazfuca@gmail.com
Instagram: @unescoclubs_kz

Санат: Сайттың жаңалықтары