Бүгін Оқушылар сарайында Таэквондо үйірмесі аясында ерекше мазмұнға толы ашық сабақ өткізілді. Іс-шараға үйірме мүшелері, жаттықтырушы-ұстаз және спортқа қызығушылығы бар жасөспірімдер қатысты. Сабақ “Бір мезетте бірнеше соққы беру тәсілін үйреніп, қабілетті шыңдау” тақырыбында өтті.
Сабақтың алғашқы бөлімінде жаттықтырушы денені қыздыруға арналған жалпы және арнайы жаттығуларды жасатты. Оқушылар бұл кезеңде икемділік пен жылдамдықты дамытуға бағытталған түрлі қимылдарды орындады. Келесі кезеңде бір мезетте бірнеше соққыны үйлестіре беру техникасы теориялық тұрғыда түсіндірілді. Жаттықтырушы әр қозғалыстың мәнін, тепе-теңдік сақтаудың маңыздылығын және соққы бағыттарының үйлесімділігін көрсетіп берді.
Практикалық бөлімде жас спортшылар өздері меңгерген тәсілдерді жұппен және жеке орындап, әр түрлі комбинацияларды пысықтады. Бұл жұмыс олардың қозғалыс дәлдігі мен шапшаңдығын арттырып қана қоймай, төзімділігін де шыңдады. Сабақ соңында қатысушыларға шағын спарринг өткізіліп, алған білімдерін нақты жағдайларда қолдану мүмкіндігі берілді.
Осындай ашық сабақтар балалардың тек физикалық дайындығын ғана емес, олардың бойындағы тәртіп, батылдық, өзіне деген сенімділік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Таэквондо спортына қатысу арқылы жасөспірімдер денсаулығын нығайтып қана қоймай, мақсатқа жету жолында табандылық танытуды үйренеді.