Алматыда 20 желтоқсанда UN Plaza конференц-залында «TURAQTY JOL» Ұлттық Әлеуметтік эконауқанының қорытынды кезеңі өтті. Экожобаны жабу аясында «ESG арқылы бизнеске инвестиция тарту: тұрақтылық, даму және өркендеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға бизнес-қоғамдастықтың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың, академиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ ісін жаңа бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлер қатысты. Арнайы ұйымдастырылған пікірталас алаңдары барысында қатысушылар ESG қағидаттарын корпоративтік мәдениетке енгізудің озық тәжірибелерімен алмасып, шақырылған сарапшылар осы саладағы ағымдағы трендтерге өз бағаларын берді.
Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік бюросы директорының міндетін атқарушы Амир Пирич мырза өзінің ашылу салтанаты сөзінде: "Жауапты мінез-құлық, жаһандық азаматтық, ынтымақтастық және бейбітшілік - ЮНЕСКО құндылықтарының негізін құрайды. Бірақ олар бизнес үшін ұзақ мерзімді мәнге ие, өйткені олар жеке секторды, атап айтқанда бизнес қауымдастығын тұрақтылықтың негізгі факторлары ретінде қарастырады. Тұрақты даму тек ұран болып қалмауы керек, ол біздің күнделікті шешімдеріміз бен әрекеттерімізде нақты шындыққа айналуы керек", - деп атап өтті.
Дөңгелек үстелдің артықшылығы - қатысушылардың алуан түрлілігімен сипатталды. Бұл ESG күн тәртібін Қазақстанның жоғары оқу орындарында осы тақырыпты оқытудан бастап экостартаптар мен ірі өнеркәсіптік бизнес, сондай-ақ қаржы секторы деңгейінде жүзеге асыруда әр түрлі жақтан қарастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «Су ресурстарын қорғау» тақырыбындағы TURAQTY JOL жобасының шығармашылық бөлігі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға 12-35 жас аралығындағы 700-ден астам қатысушы қатысты. Қатысушылар табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын айқындап, көркем шығармалар арқылы су ресурстары мәселелеріне қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.
"Мен осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Ол адамдардың назарын су ресурстары мәселесіне аударуға шақырады. Байқау - өз талантымды көрсетудің тамаша мүмкіндігі ғана емес, экологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысу бағытындағы маңызды қадам. Біз, жас ұрпақ, планетамыздың болашағы үшін жауапкершілікте боламыз және мен су ресурстарын тұрақты пайдалануды қолдауға өз үлесімді қоса алатынымды мақтан тұтамын", - деп атап өтті байқау жеңімпаздарының бірі Жамалиева Жамиля.
“TURAQTY JOL” – мәдени-адамгершілік және экологиялық құндылықтарды бойына сіңіру арқылы өскелең ұрпақты туған жерге ұқыпты қарауға бағыттайтын бастама. Бұл бағдарлама жобаның бұрын сәтті жүзеге асырылған үш циклінің жалғасы болып табылады.
Айта кету керек, «TURAQTY JOL» эконауқанын имплементациялау кезеңінде экологиялық жауапкершілікке және орнықты даму қағидаттарына баса назар аударатын маңызды іс-шараларды өткізу арқылы шамамен 3 000 қатысушы қамтылды.
Осы жылдың сәуір айында Халықаралық жер күніне орайластырылған экофестивальға және ағаш отырғызу акциясына өтінімдер қабылдау басталғанын хабарлаған баспасөз брифингі өтті.
Маусым айында 200-ден астам қала тұрғындарының қатысуымен жаһандық сенбілік өткізіліп, нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Тамыз айында экологиялық идеялар мен жобалар фестивалінің финалы өтті, онда іріктелген және онлайн оқытудан өткен командалар өздерінің экобастамалары мен стартаптарын ұсынды. Жеңімпаздар 10 миллион теңге көлемінде жүлде қорымен марапатталып, қазір жобаларын белсенді түрде іске асыруда.
Бұл іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің, Алматыдағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының, “Tournaman” платформасы, "Saiko Group", "Caspian Group" және "Құмкөл Транс Сервис" компанияларының қолдауымен, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясы және Алматы қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылуда. Жобаның бас серіктесі – ЦентрКредит Банкі.