Қарағандыда «Бейбітшілік пен өнер жолындағы серіктестік» атты халықаралық форумы ашылды.
«Бейбітшілік пен өнер жолындағы серіктестік» халықаралық форумы 19–21 мамыр аралығында ЮНЕСКО-ның 80 жылдығы мен Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Қарағанды облысы бойынша Өңірлік өкілдігінің 10 жылдығы аясында өтуде.
Форум Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерін, еліміздегі ЮНЕСКО клубтарының жетекшілерін, халықаралық ұйымдар, білім беру және мәдениет мекемелерінің өкілдерін, сондай-ақ өнер қайраткерлерін біріктірді.
Форумның басты оқиғасы «ЮНЕСКО клубтарының қызметіндегі өзекті мәселелер, жетістіктер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Пленарлық сессиялар мен пікірталастар барысында қатысушылар қосымша білім беруді дамыту, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық, жастар бастамалары, мәдени өзара іс-қимыл және мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады.
Қазақстан және Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары федерацияларының президенті Ақшолақов Б.О атап өткендей:
«Бүгінде ЮНЕСКО клубтары халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық пен халықтық дипломатияның тиімді алаңына айналды. Қарағанды облысының осындай кәсіби әрі мәдени диалог өтетін орын болғанына шын жүректен қуаныштымыз».
Қарағанды облысы әкімдігінің, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік офисінің, сондай-ақ еліміздің жетекші білім беру және мәдени ұйымдары басшыларының құттықтау сөздері айтылды.
Форум аясында ЮНЕСКО клубтарының бейбітшілікті нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және жастар бастамаларын қолдауға ықпал ететін халықаралық алаң ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дәурен Шаймерденұлы Жекебаев өз сөзінде:
«10 жыл ішінде Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Қарағанды облысы бойынша Өңірлік өкілдігі халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, дарынды жастарды қолдау және ЮНЕСКО құндылықтарын ілгерілету бағытындағы маңызды алаңға айналды. Бүгінде өкілдік өңірдегі білім беру ұйымдары жанынан құрылған 29 ЮНЕСКО клубын біріктіріп, өскелең ұрпақ үшін шығармашылық, диалог және жаңа мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастырып отыр. “Бейбітшілік пен өнер жолындағы серіктестік” форумы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен мәдени-білім беру бастамаларын дамытудағы маңызды қадам болады деп сенемін», – деді.
Форум бағдарламасына сондай-ақ мыналар енді:
• «Цифрлық ұрпақ: идеялар, технологиялар, инновациялар» халықаралық ЮНЕСКО клубтары жобалары көрмесі;
• «Өнер – бейбітшілік тілі» суреттер көрмесі;
• Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстаннан келген жас музыканттардың қатысуымен өткен «Достық пен бірлік әуені» мерекелік концерті;
• «Біз біргеміз» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын және білім, мәдениет пен өнер саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.