«МЕН БЕЙБІТШІЛІКТІ ТАҢДАЙМЫН» халықаралық сурет байқау

«МЕН БЕЙБІТШІЛІКТІ ТАҢДАЙМЫН» халықаралық сурет байқауы

Қазақстандық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы мен «Балапан» телеарнасы бейбітшілік пен ынтымақтастық, толеранттылық, татулық және достық идеясын насихаттауға бағытталған «Мен бейбітшілікті таңдаймын» халықаралық балалар сурет байқауының басталғандығын хабарлайды.

Бейбітшілік – бұл тек қақтығыстардың болмауы ғана емес, сонымен қатар өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухында диалогты ынталандыратын және қақтығыстарды шешетін позитивті, динамикалық және жан жақты үрдіс.

Осылайша, мемлекеттер арасындағы достық қарым -қатынасты дамытудағы маңызды рөлін мойындай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылды Халықаралық Бейбітшілік пен Сенім жылы деп жариялады.

Ал Қазақстанда 2021 жыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығымен атап өтілуде. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. Бүгінде ел аймақтық және жаһандық акцияларды, жобаларды бастап, келіссөздер алаңын ұсыну, қақтығыстарды шешу және толерантты қоғамды дамыту саласындағы пікір мен тәжірибе алмасу арқылы бейбітшілікті сақтауға өз үлесін қосып келеді.

Әрқайсымыз соғыссыз әлемде өмір сүргіміз келеді. Бейбіт өмірмен тамсанып, қуанып,   өмірден ләззат алғымыз келеді. Дегенмен, бейбітшілік идеяларын таратуға және насихаттауға әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз.

«Мен бейбітшілікті таңдаймын» халықаралық сурет байқауы өскелең ұрпақтың арасында  бейбітшілік мәдениетін насихаттауға және 7 жастан 18 жасқа дейінгі барлық адамдарды бейбітшілік, халықтар достығы, қауіпсіздік пен тұрақты даму туралы өз көзқарастарын білдіру үшін біріктіруге бағытталған.

Қатысушыларға кез келген техникада, өлшемде, форматта келесі номинациялар бойынша кез келген сурет немесе иллюстрация салу ұсынылады:

  • Мен ядролық сынақтарсыз әлемді таңдаймын;
  • Елдер тату өмір сүретін әлемді таңдаймын;
  • Мен жарқын болашақты таңдаймын.

Байқауға қатысу шарттарын ережені жүктеу арқылы білуге ​​болады.

Жоба Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының, ЮНЕСКО клубтары, орталықтары мен ассоциацияларының Дүниежүзілік Федерациясының, Азия-Тынық мұхиты және Еуропалық ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастығы Федерацияларының,  ЮНЕСКО қарамағындағы «Мәдениеттердің жақындасу халықаралық орталығы» мен  «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жоба нәтижесінде барлық қатысушылар қатысқаны үшін сертификаттарға ие болады, ал финалистер мен жеңімпаздарға дипломдар беріледі. Үздік 30 жұмыс еліміздің ірі мегаполистерінің бірі – Алматыда әлеуметтік бағыттағы плакаттар мен билбордтар жасауға негіз болады. Сондай-ақ, Федерацияның www.unescoclubs.kz ресми сайтында үздік суреттердің қорытынды онлайн көрмесі ұйымдастырылады. Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады. . Сонымен қатар, 9 жеңімпаз таңдалып, «Балапан» телеарнасының Instagram әлеуметтік желісіндегі арнайы айдарына қонақ ретінде шақырылады.

Өтінімдер 2021 жылдың 31 қазанына дейін қабылданады. Қатысу тегін.

Ұйымдастыру комитеті: Қазақстандық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы

тел: +7 (727) 394 32 32, +7 700 394 32 32

e-mail: kazfuca@gmail.com 

https://www.instagram.com/unescoclubskz