Өнер адамдарды ұлтына, тіліне немесе діни нанымына қарамастан біріктіретіні белгілі. «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасы да 24 мемлекеттің әр түрлі жастағы балаларын біріктіре отырып, оларға өнер арқылы басқа елдердің өмірін, тұрмысы мен дәстүрлерін білуге мүмкіндік береді.
Өнер – бізге өз сезімдеріміз бен көңіл-күйімізді бейнелер арқылы көрсетуге мүмкіндік беретін өміріміздің маңызды бір бөлігі. Нақ осы байқау арқылы қатысушылар да өз эмоцияларын шығармашылық арқылы жүзеге асыра алады.
«Mitsubishi Asian Children’ s Enikki Festa» жобасы – Қазақстандағы ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының басты жобаларының бірі. Бұл жоба 1990 жылдан бастау алады, әдетте, екі жылдық негізде жүргізілетін бұл байқаудың ұйымдастырушылары Азия-Тынық мұхиты аймағы ЮНЕСКО Клубтары және Ассоцияларының Федерациясы, Жапония Ұлттық ЮНЕСКО Ассоциацияларының Федерациясы болып табылады.
Негізгі мақсаты – әртүрлі елдер арасындағы өзара түсіністікті орнату мен сақтау, ұлтаралық қарым-қатынас этикасы мен толеранттылыққа тәрбиелеу, сонымен қатар Азия халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы танымдарын арттыру болып табылады. Фестиваль басталғалы Азияның түрлі елдерінен 750 000-ға жуық бала қатысып үлгерген.